Жиналған А.

Ана тілім

 

Тарихым таңғажайып — тілім менің,

Тілім деп жүрегімді тілімдедім.

Ана тілім — ақиық жырым менің,

Дана тілім — шуақты күнім едің.

Асыл кені іргетасы халықтың,

Өзің барда мен асқақпын алыппын.

Өзің менен орта топты жарыппын,

Сенсіз мен де үні өшкен ғаріппін.

Тілім қалды қап түбінде ақ алмасым,

Қайтейін сорлы жүрек қан жыласын.

Қара басын күйттеген қаңбақ емен,

Қалың елім не көрсе бірге көрем.

Көңілі тұман, көзі соқыр кембағал,

Келте мақтан қазақ сенің неңді алған.

Орта таппай өзгеге оғаш ойыммен,

Абай, Сәкен, Мағжанды іздеп сандалғам.

Тілдің жайы біле білсең жөргектен,

Бала қазақ әлде тәлім көрмеппең.

Аталарың ары үшін күресті,

Балаларың шүлдірлеп жүр неліктен?!

Мен қазақпын! Бар болмысым тұнып тұрған тектілік,

Салт-дәстүрім, сансыз ғылым әз бабамнан жетті нық.

Қара нармын. Кешегі өткен әз Кененің тұқымы,

Ал тілім ше? Сол Кененің тұлпарының тұқылы.

Абай тілін ардақтасын жас қауым,

Жамбыл жырын жаттап өссін жастарым.

Көкіректе жан,бойымда ыстық қан барда,

Ант етемін! Лайлатпаспын тұнығымның бастауын.

 

Ана

Ана деген асыл ұғым мен үшін,

Ана деген асыл ұғым сен үшін.

Жүрегі тек мейірімге толы жан,

Сен біздерге әрқашанда саясың.

Анам менің аялаған тірегім,

Анам менің кеудемдегі жүрегім.

Аман болшы, сен аман бол анашым,

Саған деген менің жалғыз тілегім.

 

Ұстаз

Жатыр мұнда адам білмес даналық,

Мінезімді кешірдіңіз жасасам да балалық.

Жарқылдаған жастығыңды сарп еттің,

Кетсін деп біз кірпіш болып қаланып.

Әрбір пенде өтпей ме ұстаздың алдында бас иіп,

Мейлі ол мұнайшы немесе ақында ақиық.

Адамның арына ауыр жүк арқалау,

Ұстаздық мәртебе таусылмас тақырып.

Сыйлаймыз ұлылығын да парасаттылығында,

Өткіздік барша мектеп қызығында.

Тілері шәкірттердің сіздер үшін,

Толмасын апайлардың жүзі мұңға.

Әрбір ұстаз өзің үшін тау тұлға,

Көз алдымда қадіріңіз сағат санап артуда.

Мен өзімді бейбіт ұрпақ сезінем,

Толғайдай ұстаздарым тұрса болды артымда.

 

Асыл анама…

Тоғыз ай тербеткенің үшін

Толғатып, әл кеткені  үшін

 Ғаламды көрсеткенің үшін

Анашым,саған ризамын !!!

Ақ сүтпен емізгенің үшін

Адал ас жегізгенің үшін

«Алла бар» дегізгенің үшін

Анашым, саған ризамын !!!

Дерттенсем, жылағаның үшін

Денемді сылағаның үшін

Дұға қып, дауасын сұрағаның үшін

Анашым, саған ризамын !!!

Сұрасам — жауап бергенің үшін

Түсімді айтсам, сенгенің үшін

Түймемді қадап бергенің үшін

Анашым,саған ризамын !!!

Жақсылық үйреткенің үшін

Жайдары суреттерім үшін

Қазақша сөйлеткенің үшін

Анашым, саған ризамын !!!

Ұйқыңды ұрлатқаның үшін

«Ұлым» деп тіл қатқаның үшін

Әкемді сыйлатқаның үшін

Анашым, саған ризамын !!!

Таңдарда оятқаның үшін

Таңдаулы сағаттарым үшін

Талмайтын қанаттарың үшін

Анашым, саған ризамын !!!

Мағыналы ат қойдырғаның үшін

Мінезге бай қылғаның үшін

Мейірімге тойдырғаның үшін

Анашым, саған ризамын !!!

Кешіксем алаң болғаның үшін

Дәл сенің балаң болғаным үшін

Түбінде адам болғаным үшін

Анашым, саған ризамын !!!

Апаттан қорғағаның үшін

Аязда тоңбағаным үшін

Ғұмырыңды арнағаның үшін

Анашым, саған ризамын !!!

Ең дәмді ас пісіргенің үшін

Есепті көшіргенің үшін

Еркек қып өсіргенің үшін

Анашым, саған ризамын !!!

Қаперсіз қылықтарым үшін

Қатемді ұқтырғаның үшін

Жанымды жылытқаның үшін

Анашым, саған ризамын !!!

Балалық шағым үшін

Қазіргі бағым үшін

Әр атқан таңым үшін

Анашым, саған ризамын !!!

Анашым, саған ризамын !!!

Өзін-өзі таныстыру

Өзге емес өзім айтам өз жайымда,

Ертеден ерттеп мінген әз тұлпарын.

Қазақтың қайсар мінез бір ұлымын,

Ұшырған ұясынан жыр сұңқарын.

Шын жүйрік шапқан сайын арымайды,

Жақсыға жаттың сөзі дарымайды.

Қазағым сен мықты бол бірлігіңе,

Бір құмалақ шіріткен сары майды.

Ұлтым — қазақ, ұлылардан түледім,

Мұсылманмын,  дін Ислам тірегім.

Көк түріктің найзасының ұшы едім,

Абай, Сәкен, Мағжандардың жыры едім.

Ныспым менің — Аманбол сұрасаңыз,

Керейден тарайды екен ұлы атамыз.

Тектілік мұра болған түркі жұрттан,

Түбім менің көк бөрі ұлы сырттан.

Қыпша бел, шие ерін, бал қырмызым,

Ары пәк, дидары әсем, көйлек ұзын.

Әрбір қазақ менің жалғызым,

Қазақтың сүйем бар қызын.

Шыға алсам дос сеніменен,

Адалдықпенен көрінген.

Биік болсам да басқадан,

Биік емеспін елімнен.

Ақұшты найза, ақ беренім де қаламсап,

Мен үшін өлмес өлеңім ғана бақ пен тақ.

Өмірім заңғар, өресі биік алып шың,

Аңсарым жалғыз жылы лебізі халқымның.

 

Чернобыль жаңғырығы

Чернобыль — қара түнек, қасіретпен қан дала,

Қайғы мұңды қайыспастан арқалады жер ана.

Азалы күн, ақтық демі талайлардың бұйырған,

Адам сирек аман қалған құйыннан.

Жазылар тарихтың таңбалы томына,

Тағы бір ұлы апат адамзат сорына.

Табиғат ананың тағдыры тоз болды — ау,

Беріп едік билікті пенделердің қолына.

Уланды ұрпақтар,заманның зары өтті,

Өтті күн, сан жылдар тәуелсіз күн жетті.

Ата мен ағаның, ана мен әпкенің ішінде мұң кетті,

Тарихтың жадынан жұлар ма еді сол бетті?!

Талқан болып тағдырлар, шайқалды шаңырақ,

Кең дала келбеті кексе болып қалды да аңырап.

Болашақ сұмдықтан бір Алла сақтасын,

Қазіргі балдырған кермек дәм татпасын.

Зұлмат күн, түпсіз һәм шыңырау,

Кетпейді кесірлі жаңғырық.

Жиырмасыншы ғасырдан келген бір қоңырау,

Ескерту адамзат ұлына мәңгілік.

Желтоқсан ызғары

Желтоқсан желі дақ болып қалды жүректе,

Жастардың үні тәуелсіздік деген тілекте.

Қапаста қалды азаттық жыры тұншығып,

Замана сенген білімге емес білекке.

Желтоқсан желі жанымды менің жылатты,

Асыл ерлерім азаттығым деп құлапты.

Тастақты жерден тас тамшы жарған сияқты,

Дауылдан кейін бостандығымның гүлі атты.

Желтоқсан желі жанымды менің жылатты,

Бетбұрыс қылып санасын елдің оятты.

Кеңестік кезең саусағын бүгіп ішіне,

Жауыз ойларын жасандылықпен бояпты.

Жүректе от, көңілде арман сағымдай,

Жалынды жастар жат үкіміне бағынбай.

Желтоқсан желі тынды да қанды көрінбей,

Қыраудан кейін көктемнің самал желіндей.

Желтоқсандықтар дәлел етті көпке ісін,

Байтақ дала аманат бізге деп түсін.

Көп болуға, бір болуға тиіспіз,

Көрмеу үшін жаттың езгі тепкісін.

 

Арнау

Алпыс тал түс дейді халық данасы,

Алпыс деген — өң мен түстің арасы.

Бір әулеттің өзіңсің алтын қазығы,

Аман болшы аяулы ел ағасы.

Алпыс деген ата жасын еңсеріп,

Еңбекпенен келесіз сіз тер төгіп,

Бір ауылға арқа сүйер азамат.

Асыл әке асқары ұл қызының,

Ардақты ұстаз, аяулы жар атандың

Шығардыңыз туған жердің атағын .

Бүгінгі күн — арман екен талайға,

Ұстаз болу айтыңдаршы оңай ма?

Зейнетке шығады екен жақында,

Үш жыл деген түк емес қой тәйірі,

Алпыс жылды аттап өткен батырға.

Бүгінгі күн — мереке ғой маңызды,

Бүгінгі туған Дүйсенбай ата жаны ізгі,

Күннің нұры көктен түсіп жып — жылы,

Сізге бақыт тілеп тұрған тәрізді.

Ренжітпей үлкенді де кішіні,

Бағалайсыз әрбір жолдас кісіні.

Алпыста деп айтып жүрген кім сізді,

Орда бұзар отыз жаста пішіні.

 

 

Бауыржан Момышұлына арнау

Бауыржан деген — менің батыр бабам,

Боранды күндерде шатырлаған.

Жауынды күндерде жарқылдаған,

Қол бастап жауға қарсы жақындаған,

Жау көп деп елі үшін тартынбаған,

Сөзге сараң болса да іске шапшаң.

Бұл менің қайтпас қайсар батыр бабам,

Әуелеп көкте ұшқан қырандайын.

Батыр бабам — Бауыржан деп ұрандайын,

Ардақ етіп, қасиет тұтам бабамды,

Қорғап қалған фашистерден даламды.

    

Сұлтанмахмұтқа Торайғыровқа арнау

Мен өзіңе жыр арнадым, жыр арнадым жүрекпен,

Өзің едің талай жанды тұғырынан түлеткен.

Өзің едің қазақтың маңдайына біткен жұлдызы,

Қазақты ат басындай алтын жүрегімен сүйген алаш арысы .

Жүруші едің қазағым деп, елім деп,

Тұрушы едің ет жүрегің, тұла бойың күлімдеп,

Қазақты арқау еттің жырыңа,

Ақындықтың шықтың сен асқар шыңына.

Ақын едің жамандықты зұлымдықты сүймейтін,

Адам едің шенділерге жағынуды білмейтін.

Адам едің ақиқаттың ақ туы,

Адалдықтың шамы едің үрлесе де сөнбейтін.

Алып кетті арамыздан бір Алла,

Жақсы адамдар керек деген рас екен оған да.

Жалындаған ақын едің жаны жайсаң жайдары,

Керек едің мынау біздің , мынау біздің ғаламға.

Ақбұлақ

Бұлқылдап аққан,

Бұйығы мінез, құзар шың.

Боздала бойлап,

Бар елге ана шығарсың,

*Ақбұлақ* деген атыңнан сенің айналдым,

Ақ пейілді, ақбұлақ — ана ұғарсың?!

Жүрек — теңіз,

Жан-дүниең — асыл дүр.

Білмек болсаң насихатқа құлақ түр,

Жақсылардың жақсылығы ұмытылмас.

Асылық қылма, аз ғұмырдың қадірін біл!

 

Хас ақынның сөзі – cерт!

(Мұзафар Әлімбаевқа арнау)

Қолында — қара домбыра,

Басында —  бөркі.

Көнегөз қартың бар болса,

Көңілдің көркі.

Сара жолдарды сап кеткен,

Сандал саңлақтар.

Сұңғыла жырды серт еттім,

Айтам деп салмақтап.

Тұғыры биік Тұраннан,

Талай дүр шыққан.

Күлтелі жырды құрықтап,

Күннен сыр ұққан.

Құйғыта шапқан құранды Құлагерлерді,

Ажал Батыраш қапыда қамшылап жыққан.

Құдайдың берген бір сәттік бейқам тірлігі,

Бақытын іздеп бар пенде босып жүр бұ күні.

Бәйге — ғұмырда тақымдап арғымақ жырды,

Ақындық жолда аз жанның бар бағы жанды.

Музарт шыңдардың бар мұңын муза ғып өткен,

Мұзафар ердің мұраты — Мәңгілік Ел болды.

Туар — тумастан тоналған тірлігі тоғым,

Түгендеп кетті тіріде қазақтың бар жоғын.

Жетімдік көріп көкірегі жұтаған соң ба?,

Арылтпақ еді елінің екі елі сорын.

Балдырған ғұмыр,

Бал мен У қатар алмасқан.

Бақытың бәлкім байлаусыз дарын,

Ақиқат жырың —  алдаспан.

«Мұзафар аға» дегенде,

анау таулар да,

Мұраты асыл дер ме еді маңғазданбастан.

«Маралдым» жырың, Мұз аға, оқылды бүгін,

Маралдың елі ұшырды тірліктің түзу түтінін.

Қырмызы белге  құмартып еліңе барсам,

Құралай көріп Құдайға тоба қып жүрмін.

Жанары жәудір жолық қып киіктің лағын,

Мағыналы өмір, өзіңді есіме аламын.

Біздің ел, аға , ну орман жынысы қалың,

Бұрқылдап аққан бұлақ аз бұйығы таңым.

Заңғар биікке сыр айтқан самырсын ағаш,

Сізді ақын еткен сұлулық сол деп ұғамын.

Қарағаштар да қаз — қаз қатар қас қайып апты,

Қанмен сіңген ол қадірі — мығым қаламы —  қайратты.

Көркем дүниенің, әнеки, Күні көтерілді,

Жырларың сынды жылытқан жансыз аймақты.

Ал енді аға, аман бол, арманым алда,

Ардакүрең жыр мойымақ емес жалғанға.

Бұйығы жусан қыраттың бұла баласы,

Бурылды ауыздықтап тақымды басты Тарланға.

Білесіз, аға, біз жақтың киесі – жалбыз,

Отанның орны —  жүректе.  Себебі —  жалғыз.

Көкемнен қалған киелі көк дөнен жырды,

Қазақы ердің қасындай қастер тұтармыз!

 

Нұрекенов Темірғалы Түйтеұлына арнау

Алтын құрсақты абыройлы жұртым ардақты ерді туғызған,

Ар алдында тек Алланы танып ежелден хаққа бұрғызған.

Қазақтың жұрты қасиетіңнен сенің айналдым,

Алаш аспаны жарқырап тұр әне жердегі жарық жұлдыздан.

Жердегі жұлдыз Жаратқан сыйы білсеңіз,

Жалаулы ұлға жалынды сөзді берсеңіз…

Ұлтына бақ боп ұрандап өткен ерлерім,

Есімдеріңді мен ең биігіне жаздым көмбенің.

Ертістің елі екі толғағы бір батыр,

Ерлігінде, құзар өрлігінде өміршең сыр жатыр.

Аңыз боп кеткен апай төс бабам бар сансыз,

Асан абызша толғайын, құлақ салсаңыз…

Маралдым менің марғасқа жырдың мекені,

Меруерт бұл сөзім даңқыңды мәңгі етеді.

Темірғалы ұлың тұманың тұнық суы дүр,

Тұғырлы елім тарлан ұлыңның қадірін біл.

Беу Темір, ата тектілік сенің қаныңда тегі,

Қаршыға ғұмыр қай жанға мырзалық етеді.

Тар заман кешкен тұйғыным тұғыры биік,

Тарихыңды оқып тұлғаңды қалғанмын сүйіп.

Алпамса ғұмыр арқалап алты алаш жүгін,

Асыл арманың болса деп ел іші мығым.

Абыройлы ісің артыңа мұра боп қалды,

Ақсұңқар ұрпақ ұлықтар есіміңді бүгін.

Өзгені қайдам бұл жалғанда өмір қымбатты,

Ойланбай-ақ қияр едім отан үшін сол бақты.

Өрлігіңе тәнті болған бұл Тәңір,

Темір аға, бір өзіңе бір өлімді өлмес үшін сыйлапты.

 

Түлектер кешіне арнау сөз!

Ауыздыға сөз, аяқтыға жол беріп көрмеген аталы елдің арда ұланы ретінде айтпақ ойымды ақ қағаз бетіне түсірдім. Айтпақ — бізден, қошемет — сіздерден болсын!

Мінеки бүгін,

Етеді күлім.

Үмітке толы жанарлар,

Сан жылды аттап.

Соңғы күн тәтті ақ,

Сап түзеп тұрған адамдар.

Жанымда жолдас,

Бәрі де құрдас.

Ата мен ана туысқан,

Жиылып мұнда.

Ендеше тыңда,

Сіздерге жаздым бір дастан.

Жатқа білдім жақсылардың есімін,

Ұстаздарым ашқан білім есігін.

болашақтың іргетасы сіздерде,

Бір баланың білімі ол несібі.

Ілім азық ілімсіздік ол азап,

Ұстаз болу, ұлық есім, бұл ғажап.

Қалам дәптер үйреткен сол әліппең,

Жазады ертең есіміңді алтындаған әріппен.

Аз әрине білмегеннен білгенім,

Бірақ достар менің жалғыз түйгенім.

Ұстаздардың таяғының арқасы,

Бұл өмірден таяқ жемей жүргенім.

Сыр айтайын менің бір арманым бар,

Тыңда жұртым қанеки таңданыңдар.

Ұстаз болғым келеді ұстаз болғым,

Ұрпақ үшін ұрлатқан таңдарын да.

Сыр айтайын өзгелер ұғынатын,

Жандар тыңда тереңнен сыр ұғатын.

Ұстаз болғым келеді ұстаз болғым,

Күн секілді бар ғалам жылынатын.

Ал енді менің достарым: (пауза)

Таныған жерде тон сыйлы.

Танымас жерде бой сыйлы,

Түлеткен сізді ұстаздар.

Тағдырың үшін толқиды.

Әлі де бітер дененің,

Тұрмайды мәңгі жастық шақ.

Жаныңды жемей жолдастар,

Қоғамнан ертең орның тап.

Түрлі тағдыр таңдау бөлек тарам жол,

Бүгінгі күн бар жүректе қалады ол.

Екі ауыз сөз сіздер үшін арнадым,

Ұстаздарым құрдастарым әй, достарым, Аманбол!!!

Шарбақты жері Мұзафар елі маңғазым,

Арлан ұлдарың арлы қыздарың ақ тілектерін арнасын.

Ертеңгі бәйге, ҰБТ деген додада,

Ерен ерлік қып.

ортаны жарып  жүлдені алып,

Жұрттың балдарынан қалмасын!!!

Құлақ қойып, ілтипат танытқандарыңызға үлкен Рахмет!

 

Бір көш кетіп барады…

Бір көш кетіп барады, күймесі жоқ,

Билігі бар, алайда, бір досы жоқ.

Алтын артқан ақ есек алдында жүр,

Арба сүйреп келеді арғымақ кіл.

Бір көш кетіп барады таппай бағыт,

Жұлдыз санап,ай қарап тоқтай қалып.

Күліп жүрген дұшпаны көп ішінде,

«Қайда тарттық?»сұрама,соттайды анық.

Бір көш кетіп барады ілби басып,

Іңір түссе іркілмек ылғи жасық.

Борсық тұмсық, қанды ауыз көп дұшпанды,

Бүріп тастар баһадүр жетпей қалып.

Бір көш кетіп барады күнбатысқа,

Бүтін жұрттың бақ — соры құбыла тұста.

Бұрнағы Білге қағанның бүгінгі ұлдары,

Бөрілі елдің байрағын биік қып ұста!

 

Ақпарат — өмір

Ақпарат-өлім

Ақпарат-өмір

Өзіңе таңдау берілген.

Қазір бұл заман

Оқыған надан

Алады орын төріңнен.

Ғаламтор-ғұмыр

«Ғажап» деп бар ұлт

Көтерді шіркін аспаққа !

Қаламды серік

Ұстадым берік

Көкірек көзін ашпаққа.

Туысқа барсам,

Жадырап жайсаң

Жаяр деп құшақ бар үміт.

Сәлемі сылбыр,

Кеңесі күңгірт,

Ақсақал отыр ұялысына үңіліп…

-«Қартымды жеңген

Қалғанын көрмен»,- дедім де

Шықтым жүгіріп.

Қайда барсам да

Қарғыбау қолда

Кеткенім алғаш түңіліп…

Алаңға бардым

Айғайды салдым.

-Құлақ түріңдер жарандар

Үндеу айтайын құлданған құрыш адамдар !

Смартфон деген

Зиян ғой ерен

Уақытты қалай қиясың?

Ұлдарым менің

Қыздарым керім

Ұялың сенің-зұлымдықтардың ұясы.

… деп бастап ойды

Бір сағат бойы

Ұқтырдым ақыл-кеңісті

Соңыра тоқтап,

Әдеп те сақтап:

-Ал, сіздер бұған не дейсің?

Отырған екеу, болған еді төртеу

Ақылды айттым өшпестей

Тыңдаған болар

Бұрылып кетті олар

Құлаққаптарын да шешпестен…

Оқыған жастарға

Тарыдай қазақ тоз болған…

Ол күндер өтті десек те.

Бұл елде қулар қаптап жүр,

Құрғаны бақай есептер.

Алтыннан салған ер-тұрман,

Абырой болды есекке.

Арғымақтан туған қазанат,

Таңылды тірі төсекке.

Ұры мен қары Ұлық боп,

Ұлтым деп қояр кей уақыт.

Ұры ит бастанған Ұлтан құл,

Көтерер кеуде тек жатып.

Тектілер тұрған Тұран тақ,

Тексізге толды осы шақ.

Алашым деген ұран көп,

Тақымы бірақ нық емес.

Түйені жұтқан төреге,

Шыбын тірлігің түк емес.

Сүлікті сүлік сормайды,

Адамды адам сорады.

Төбетің төре болса егер,

Сүйекке салық салады.

Елі үшін емес,бұл күнде,

Еліне қайғы ездер көп.

«Халқым» деп қара көрсетіп,

Қара шаруаға қыры жоқ.

Шендінің шіркін шіреніп,

Тұрысы неткен тәкаппар,

Туғанды бидің тірлігі

Төсінде темір атақтар.

Емі жоқ дертке шалдыққан,

Депутат деген атақ бар.

Болашақ жарқын дейді олар,

Өздері жайлы əрине,

Садақа сынды бергені,

Бір-екі теңге əр үйге.

Шындықты жазар мен емес,

Тыңдайды, халық,  қояды

Бүгінгі ұрпақ бұл ұрпақ ,

Ұятты қоғамның қонағы.

Қытайдың жуан балдағы,

Орыстың шірік алдауы.

Арабтың бұзық ниетін,

Біз бе едік,жұртым сүйетін.

Əдет боп əлде қалды ма?!

Өзге қамытты киетін.

Рухсыз елде уақытша,

Бостандық, байлық, бəрі игі.

Құлаған  кезде  өрлігің,

Өмірің қоса құриды.

Қазіргі бағыт  сан тарап,

Қорғашта елді қалқалап.

Ұлтым-ау деген ҰЛ сөзі,

Ұлтын сүймеген-ұлтарақ.

Азшылық мейлі болса да,

Баршылық  ерлер  қаншама.

Бір Отан үшін терің төк,

Батыр болам деп аңсама.

Тіл дегенің — төлқұжат,

Дін — қосымша куәлік.

Шатасып, сірə, былғама,

Ислами елдер жетерлік,

Қазақтың ұлты бір ғана !!!

Ұлылар жазған көп бəйіт,

Оқысаң, бəлкім, ұғарсың.

Ішіме болды сыймастай,

Тықыршып барып — тынарсың.

Заманды көрдің жас қазақ,

Жазғаным тек бір парасы.

Отаным деген Ұл болсын,

Ұлағат сіңген санасы.

Біздерге қалған көп міндет,

Жауапкер ертең сіз бен біз.

Тарихты оқу — түк емес.

ТАРИХТЫ ЖАСАУ КЕРЕКПІЗ!

Адам болам десеңіз…

       Кемел адам – аз сөйлеп, көп тыңдайтын, тыңдаудан жалықпайтын, шындықтың жақтаушысы. Адам баласы басқа жаратылыс дүниелерінен адами қасиеттерімен ерекшеленеді. Нақтылай айта кететін болсам: адамгершілік, үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, айналадағы адамдарға жақсылық жасау, даңғойлыққа салынбау, өзімшілдіктен ада болу. Бойыңды нәпсіге жеңдірмеу, надандыққа апаратын сорақы мінездерден бойыңды аулақ салу. Кемел адамның жүрегі иманға, тұла бойы ыстық қайратқа тұнып тұру керек. Бұл үшін адам баласы әсте не қылмақ керек.

       Біріншіден, Аса қамқор, Ерекше мейірімді Алланы бір деп білу, сүйікті Пайғамбарымызға Мұхамед Мұстафа  (с.ғ.с) салауат айту. Жүрекпен тебіреніп айту. Осы харекетті жасағаныңда жүрегіңде иман, жүзіңде ерекше нұр пайда болмақ. Ғылымға деген құштарлығың оянбақ.

       Екіншіден, білмейтін нәрселеріңді білуге талаптан, һәм әрекет жаса. Білмейтін нәрселерің кітап деген алтын сандықта. Сандықты ашта өзіңе қажетті асыл қазынаңа қолыңды жеткіз. Сен ең жақсы кітапты оқудан баста. Себебі: өмір қамшының сабындай қысқа. Есіл өмірді көңілге қонымды, жаныңа жақын кітап оқумен өткізгейсің.  Адам кітапты оқуды бастағанда зиялы, білімді бола бастайтынын жадыңда ұстағайсың.

       Үшіншіден, әрдайым жақсылық жасауға әдеттен. Жақсылық адам бойындағы ең ізгі қасиеттің бірі. Кішіге жанашырлық таныт. Үлкен алдында кішілігіңді көрсет. Ұлық адамдар ғана кішірейе білетінін есте сақтағайсың.     

       Төртіншіден, уақытыңды бос өткізбе. Адамда бос уақыт жоқ, босқа өтетін уақыт бар. Табиғиндер дәуірінде өмір сүрген Амар ибн Абдулқайс деген имамға біреу келіп: — Кел, отырып арқа — жарқа әңгіме дүкен құрайықшы – депті , ол: — сен күнді ұстап кішкене тоқтата тұршы, сосын емін — еркін әңгімелесейік, — деген екен. Сенің өмірің уақытпен өлшеулі. Жоспар құр. Әр ай сайын өзіңе есеп бергейсің. Осы қасиеттер,  құндылықтар бойыңда табылса кемел адам болмаққа жақын қалғаныңды біл. Ақындардың адам атасы атанған Әбілхасан Рудаки: « Дүние — ол бір теңіз ақниетпен, кеме жасап сол теңізді аралай біл» деп тегін айтпаса керек-ті. Өмірлік мәні бар сөздерді өз керегіңе жарайтқайсың. Адам өмірде бай болу үшін емес, бақытты болу үшін, һәм нағыз адам болу үшін өмір сүреді. Осыны есте сақтағайсың өскен елдің, өсер елдің ұлдары мен қыздары !!!

 

Көшке ілесеміз деп…

         Үшінші тоқсанның басы. Бізде бақылау қатаңдап, ВОУД-қа дамыл таппай дайындалып жатқан кез. Бос уақыт жоқ секілді. Алайда… таңертең сабақтан қол босамаса да, әйтеуір үйдегі көк жәшіктің, одан қалса ұялы телефонның бетіне телміретінмін. Технологияның дамыған дәуірінде бұл да дұрыс шығар, бәлкім… Дегенмен мен шектен шығудың не екенін ұмыттым. Шынтуайтына келгенде, таңертеңнен кешке дейін қолым босаған сәтте соған жармасатынмын (телефонды айтамын). Тіпті түннің ортасына дейін оған тыным бермейтінді шығардым. Кей кезде мектепке апаратынмын…  Расында, әр нәрсенің шегі болады екен. Ақыры,  жоғалтып тындым. Енді не қылсақ болады ?! Үш күннен соң тозаққа үйренесің деген сөз бар емес пе?! Біраз қиындықтар сол кезде алдымнан шыққан еді. Мысалы: физика пәнінде калькулятор қажеттілігі туындады. Неге екенін өздеріңіз де сезіп отырған шығарсыздар? Біраз бас қатырып, есепті өзім шығарып алдым. Келесі күні аялдамада автобусқа кешігіп бардым. Себебі сағат болмады. Ал тағы бір күні әлдекімдерге хабарласу үшін нөмірін таппай қиналдым. Себебі барлық нөмірлер телефонда сақталған еді. Дегенмен де қиындық болса, оның шешімі де болады. Өзіме сағат алдым. Бұл — бір. Нөмірлерді жеке кітапшаға жазатын болдым. Бұл — екі. Оятқышты қойып, өзім ерте тұруға дағдыландым. Бұл — үш. Оқуыма көңіл бөле бастадым. Бұл — төрт.          Қысқасы телефонның торынан құтылдым. Ал, қазір алтындай уақыттың қадірін біліп, үнемдеп жұмсаймын. Бұл өз басымнан өткен жағдай. Өзгеге сабақ боларлықтай, әрине.  Ендеше тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні — телефонсыз да өмір сүруге болады екен. Адамның 1\4 бөлігі теледидар мен телефон алдында өтетінін біреу білсе, біреу біле бермейтін шығар. Қысқасы, уақытымызды денсаулығымызды сақтай білейік. Көшке ілесеміз деп көштен қалып қойып жүрмейік, достар !!!

Студенттік өмір

         Балалық шақ естен кетпейтін есте қаларлық  сәттерге толы болатыны анық. Балалықтың бал дәмін татып, ересек өмірге қадам бастық. Бала кездегі «тезірек ер жетсек екен» деген арманымыз орындалып, санамызда өзіндік ой қалыптасып, жауапкершілікті сезіне бастағанда  ер жеткеніңді түсінеді екенсің. Алтын ұя мектебімізде 11 жыл білім алып, бұғанамыз бекіп, қанатамыз қатайған кезде Университетке жол тарттық. Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің, яғни ұстаздардың ақ ордасының табалдырығын аттадық. Қызығы мен шыжығы мол, қарбалас өмір — студенттік өмір басталып кетті. Студенттік өмірдің алғашқы жылы қызық думанды болады, — дейді, бізден бір көйлек бұрын тоздырғандар. Иә, қызығын көріп жатырмыз. Студенттердің дәстүрлі тағамы ролттонның дәмі тіл үйіретінін атап өткен жөн. Топтағылармен қаламыздың көз жауһарын алатын жерлерін көріп, «Бұқар Жырау» мұражайының мұраларына қанығып, бір сөзбен айтқанда мәз мейрам күйге еніп, шат шадыман боласың. Студент атанбай тұрып та барып, көз көрген жер болғанымен, топтағылармен барғанда ерекше сән кіреді екен. Кіршіксіз таза күлкіге бөленеді екенсің. Студент атандық деп масаттанып, әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ деп, салақтыққа салынып, ағаттыққа жол беруге болмайды.          Қамшының сабындай қысқа өмірді мәнді өткізу — барша адамзаттың міндеті. Ұлы мақсаттар жолында еңбек етсең, асқақ армандарға қол жеткізе аласың. Студенттік өмірде алдымызда үлкен мүмкіндіктің, жарқын болашақтың есіктері айқара ашылмақ. Уақытты ұтымды пайдаланып, темірді қызған кезде соқсақ биік шыңдардан көрінетініміз айдан анық.  Университетімізде өз — өзіңді жақсы дамытуға, шет тілде еркін сөйлеуге кең мүмкіндіктер жасалған. Біз үшін ұстаздардың ақ ордасында білім алу зор мәртебе.                                        Өскелең ұрпаққа рухани тәлімгер болудың қыр сырларын бізге ұғындыруда. Болашақ ұрпаққа білім беру ең күрделі іс болғанымен, шәкіртің  сен берген дұрыс бағыт — бағдармен бет алып, өмірден өз орнын тапса ғажаптың ең ғажабы емес па? Ұстаздық сырттай қарапайым болып көрінгенімен әлемдегі ең ұлы істің бірі. Ұлағатты ұстаздың алдында мейлі ол мұнайшы болсын, мейлі ол ақиық ақын болсын бас иеді. Себебі: адам баласы білімнің бастауын ұстаздан алады. Менің ұстаз болудағы мақсатым: шәкірттерге кітап атты алтын сандықты ашқызып, өзіне қажетті асыл мұраны қолына табыстау.   Өмір — теңіз екенін, ақ ниетпен кеме жасап, сол теңізді аралай білу керектігін ұғындыру.  Біз, студенттер, алдағы төрт жылда жоғары деңгейдегі білімді алып, өз ісінің білікті маманы атанып еліміздің дамуына сүбелі үлесімізді қосуға міндеттіміз.   Болашақ — жастардың қолында. Ал өскелең ұрпақтың тәрбиесі — ұстаздың қолында. Болашағымыздың жарқын болуы ұстаздың берген біліміне, тәлім — тәрбиесіне тығыз байланысты. Ұстаз деген ұлық есімге дақ түсірмеу студенттердің борышы. Осыны есте сақтағайсың өскен елдің, өсер елдің ұлдары мен қыздары. 

Нағыз ақын һәм ақылды хан…..

(Ақындардың патшасы болам десең, патшалардың ақыны болма)

         Бір ханның қол астындағы елде көп ақын тұрған екен. Олар ауыл аралап, өлең шығарып, ән салып жүріпті. Олардың кейбіреулері қобыз тартса, енді біреулері қос ішекті домбыра тартыпты. Хан жұмыстан қолы бос уақытта ақындардың өлеңін тыңдауға құштар екен.  Бір күні ол өзінің қаталдығы туралы, әділетсіздігі туралы, сараңдығы туралы бір өлең естіпті. Хан ашуланып, ойран топыр болыпты. Ол ұнамсыз өлең шығарып, ел ішіне бүлік салып жүрген ақынды тауып алып, хан сарайына жеткізуге әмір беріпті. Өлең иесі табылмаған соң, хан уәзірлері мен нөкерлеріне бұйырыпты: барлық ақындарды ұстап, жинаңдар деп. Ханның қарашылары қасқыр қуған төбет сияқты ауылдан ауыл кезіп, жол тосып, жалғыз аяқ тау соқпақтарын да, түкпірдегі сай саланы да сүзіп шығыпты. Олар өлең шығарып, ән айтқан жұрттың бәрін ұстап көгендепті де, бәрін де сарайдағы зынданға тастапты. Таңертең хан тұтқынға алынған ақындарға барып:

         — Ал, енді әркім маған өзінің бір өлеңін айтып берсін,- депті.

         Ақынның бәрі де кезек-кезек өлең айтып ханды мақтап ала жөнеліпті: оның құдіретін де, ұлылығын да, даңқын да өлеңге қосыпты. Жер үстінде бұдан бұрын ешқашан мұндай ұлы, мұндай әділетті хан болып көрген жоқ деп әндетіпті олар. Өлең айтып болған соң, хан бір ақыннан кейін бір ақынды босатыпты. Ақырында зынданда үш-ақ ақын қалыпты, бірде-бір өлең айтпаған. Бұл үшеуін қайтадан жауып тастапты. Үш айдан кейін хан тұтқындарды шақырып:

         — Ал, әркім маған өзінің бір өлеңін айтып берсін, — депті.

         Сол сәтте үшеуінің біреуі өлең айтып, ханды мақтап ала жөнеліпті: оның ақылын да, жарқын жүрегін де, сұлу әйелдерін де жырға қосыпты. Ханның мақтауын асырыпты. Мақтауларға масаттанған хан әншіні босатып жіберіпті. Ал өлең айтудан бас тартқан екі ақынды алдын ала әзірленген қотандағы оттың басына қарай айдап ана жөнеліпті.

         — Қазір сендерді отқа тастаймыз, — депті  Хан. Ақырғы рет айтатыным: әрқайсың маған өздеріңнің  бір — бір өлеңдеріңді айтып беріңдер. Екі ақынның біреуі шыдай алмай өлең айтып, ханды мақтап ала жөнеліпті. Оның тапқырлығын, данышпандығын, қара қылды қақ жаратын әділдігін  өлеңге қосыпты. Бұл әншіні де босатып жіберіпті. Тек қана жалғыз ақын қалыпты, қасарысып, өлең айтқысы келмеген. Мынаны бақанға байлаңдар да аяғының астынан от жағыңдар, — деп әмір етіпті хан. Бақанға байлаулы тұрған ақын кенеттен өлең айтып, ханның қаталдығын, тастан қатты сараңдығын, озбырлығын өлеңге қосып, манағы бүкіл осы оқиғаның басталуына себепкер болған әнді шырқап қоя беріпті.

         — Тез қол аяғын шешіңдер, оттан босатыңдар — деп айғайлап, зекіпті хан. Еліміздегі жалғыз шындықтың шырағын жаққан нағыз ақыннан айырылатын жайым жоқ!

         Бұл заманның түзу кезіндегі әпсана болса керек-ті.  Ақиқатты не ақын айтады. Не ажалы жақын айтады. Ал қазір ешкімнің ажалына асыққысы келмейді. Керісінше, қызыл тілді қамшы қылып, қара креслоға қонжиғысы келетін Абайша айтқанда «пысықайлар»,  Шахановтың формуласына жүгінсек ТЖ-лар қара құмырсқадай қаптап жүр. Қасиетті өнердің киесінен қорыққанымыз абзал!  

ТЖ- туфли жалағыштар (Шаханов энц)

Шығыс ұлынан хат

         Баубек аға, мен саған осы хатты азат күннің шапағы түсіп ерекше нұрға бөлеп тұрған бөлмемде жазып отырмын. Жас балаша күлімдеп тұрған күннің нұры әйнектен түсіп, қалам күшін арттырып тұрғандай керемет әсер қалдырады. Баубек аға, мен қазір ұшқан сұңқардың қанаты талатын, шапқан тұлпардың тұяғы тозатын ұлан  ғайыр жері бар таңғажайып әрі қайталанбас тарихқа ие талайлы тағдыр мен тауқыметті ғасырды басынан кешірген  «Қазақ» деген елдің ұланымын. Өзін-өзі билеген елдің азатта еркін қыранымын. Әр атқан бейбітшілік таңы біз үшін зор қуаныш. Қазірде жас балдырғандар шайдай ашық аспан астында бейбітшіліктің ауасын көкірегіне кере жұтып, тәуелсіздіктің самал желі беттен қарпып, егемендігің құтты болсын деп тұрған күн күлімдеп, енді Мәңгілік ел болу жолында аянбай тер төгіңдер деп тұрғандай ерекше сезімдерге бөлейді. Елдің басына сын сағат туғанда еліне қорған болған ерлердің ұлы арманы. Бұл — келешек ұрпақтың азаттығы үшін қасық қаны қалғанша беріспеген сахараның шымыр ұлдарының ұлы күресінің нәтижесі. Елінің ертеңі үшін жанын пида еткен ерлеріміз ел есінде мәңгі сақталады. Баубек аға, біз, жастар, сіздердің қан майданда қанмен жазылған қаһарлы күндердің шежіресін оқып, өткенімізге көз жүгіртіп болашаққа нақты қадамдар жасаудамыз. Бос уақытымызда өлең сөздің патшасы Абайды оқып, поэзияның мұзбалағы          Мұқағалидың өлеңдерінен күш аламыз, өр рухты Махамбеттің жырларын оқығанда жігерлендіретіні соншалықты бойымызды шаттық кернеп кетеді.

         Менің түсінуім бойынша: XXI ғасыр — білімді, бес аспапты болуды талап ететін заман. Елбасымыз, еліміздің кемеңгері Н.Ә.Назарбаев айтқандай: «қазір бой жарыстыратын заман  емес, ой жарыстыратын заман». Біз сол үшін білімді және де бәсекеге қабілетті болуымыз керек.

         Баубек аға, қазірде жас баласын қоқыс жәшігіне тастап, жауапкершіліктен қашатын без бүйрек аналардың саны артып, көненің көзі болған ақсақалдарымызды, ақ жаулықты әжелерімізді тар қапасқа қарттар үйіне апарып салатын қатыгез тас бауыр жастар қатары көбеюде. Бұл — XXI ғасырдың ащы шындығы.Сіздер жүрегі тасқа айналып, көздері қанталап кеткен  фашистерді қырсаңыз. Біз осы тас жүрек қатыгез жандарды түзету үшін күресеміз. Осындай олқылыққа жол бермес үшін рухани жаңғыруымыз керек екені хақ. Елбасымыздың бастамасын ел болып, халық болып қолдауымыз және іске асыруымыз керек.

Баубек аға, біз осы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында жарғақ құлағымыз жастыққа тимей еңбек етеміз. Біздің алдымыздағы сан мыңдаған, алынбаған асуларды бағындыру жолында тер төгеміз. Бөрілі байрақты тік ұстау, келешек ұрпаққа азаттықтың аппақ туын мирас етіп қалдыру — азаматтық борышымыз. Баубек аға, жастар қан майданда белшесінен қан кешкен, алдарында азаттықтың ақ таңы үшін айқасқа түскен қардай бораған оқтың арасында күлімдеп тұрған ерлерімізбен мақтанамыз. Есімдеріңізді біз ұмытсақ та тарих ұмытпайтын алтын әріптермен қашалған есімдер. Баубек аға, сіздер қазақ ер халық екендігін, басқаны сыйлай білсе, өзін де сыйлата алатын халық екендігін іспен дәлелдеп танытты

Ақ жаңбыр…     

Жаздың жайма шуақ күні. Күн жас балаша күлімдеп ғаламды жылытып, шапағын күллі әлемге жайып тұр. Айнала жап-жасыл кілем төсеп тастағандай құлпырып, бәйшешектің хош иісі қолқаны алып мұрынды жарып барады. Осындай табиғат аясында Ахмет бұрында болып еді, алайда бүгінгі күн ол үшін естен кетпейтін есте қаларлық сәттерге толы болатындай, бойын ерекше бір шаттық кернеуде. Ахмет жайқалып тұрған қызғалдақтың үстімен жүргенде арманына ерік берді. Бір мезет көзін сәл жұмып, өзін қызыл кілемнің үстінде кетіп бара жатқан жеңімпаз ретінде елестетті. Керемет арман әлеміне шомып бара жатқан Ахметтің ойын Айарудың « Ахмет, мені күте тұршы» деген алыстан айтылған дауысы үзіп жіберді. Айарудың бұлақтың сыңғырындай дауысын естіген ол елең ете қалды.Талдырмаш бойлы Айару жақындаған сайын Ахметтің жүрегі тулап барады. Ғашық жігіт «тез жетші» деп сыртқа айтудан қаймығып, іштей үздіксіз қайталады. Қас қағым уақытта Айару оның жанына келіп жетті. Күлімдеп тұрған қыз: «Сәлем» деп еді, Ахмет жүрегінде алпауыт сезімнің ұшқыны пайда болғанын сезініп, бойын жинай алмай әрең ғана күбірлеген дауыспен «Сәлем» деді.

-Қал қалай? Өзің мені естімейсің ғой,-деді Айару наздана. Жолымыз бір екен. Апамның үйіне бара жатыр едім. Сені көргеннен кейін бірге баруды жөн көрдім. Жазғы демалысың қалай, ойдағыдай өтіп жатыр ма?

Бұл кезде Ахмет өз ойымен өзі әлек болып жатыр еді. Оның жүрегі қуанышқа, шаттыққа толы болатын. Неге десеңіз, Айарумен бірге қалу-Ахметтің  ұлы армандарының бірі еді. Өңім ба? әлде түсім ба? деп ой шырмауында қалып қойған Ахмет бәсең үнмен: барлығы жақсы деп жауап қайтарды. Қуаныштан Ахмет еріксіз Айаруға жымия қарай берді. Бұрымды қыз: күн ала бұлтты, жаңбыр жауатын түрі бар деп Ахметті жаңбырдан сақтандырғандай болды. Ахмет ауа-райына көңіл бөлмеді. Есіл дерті Айаруда болды. Оқудағы кездерінен қалған қызықты сәттерімен бөлісіп, апайлардың жиі айтатын сөзін Айаруға нақышына келтіріп айтып берді. Айару биязы қалпымен Ахметке қарап күлімдеумен болды. Ахмет  оның күлімдеген жүзін көргенде күллі әлемді естен шығарды. Осы бір мезеттің, сәттің ұзаққа созылуын қалады. Айарудың ақ көйлегі, маржандай тістері күн нұрымен шағылысқанда Ахмет осындай сұлулыққа таң тамаша, ынтызарлықпен қарады. Ойына бірден Мағжан Жұмабаевтың:

Сүй, жан сәулем, тағы да сүй тағы да,

Жылы, тәтті у тарады қаныма.

Жасағаннан бір- ақ нәрсе тілеймін,

Өтпесе түн, атпаса екен таңы да — деген өлең жолдары есіне түсіп, іштей қайталай берді, қайталай берді. Бір мезетте жаңбыр жауып, Айару жаурай бастады. Ахмет өз күртешесін Айарудың арқасына жауып жатқанда ерекше бір күйге бөленді. Жаздың самал желі Айарудың шашын оның бетіне келіп жапты. Ахмет аңтарылып қалды. Ол жаңбыр жауып жатқанын, қайда бағыт алғанын естен шығарып, тек Айарудың тәтті қылықтарын бақылаумен болды. Жаңбыр басылып, кемпірқосақ  Ахметке: «Бақыттысың ба?» деп сауал қоятындай қарайды. Күн де, Ахмет пен Айаруды аңдып, аңдысын байқап біресе бұлтқа көмегейленіп, біресе жарқырап шыға келеді. Кәдімгі Ахмет пен Айаруды аңдитын қарауыл іспеттес… Әңгіменің қызығына батып кеткен екеуі Айарудың апасының үйіне келіп жеткенін білмей қалды. Ахметтің алғаш рет ұғынғаны: бекерде баяу, бір-сарынмен өтетін уақыт,жаныңда жақсы көретін адамың болса, уақыт құм сағаттай зырғып өте шығады екен. Бір кезде Айару күлімдеген қалпында Ахметке қолын көтеріп «Сау бол, Ахмет келесі кездескенше» деп үйіне қарай бет алды. Ал Ахмет қолын сәл көтеріп «сау бол» деген сөзді күбірлеп айта алмай, іштей «қалшы менімен» деп жан айғайын салғандай болды. Айаруды көзінен таса қалдырғысы келмей, үйіне кіргенше қарады. Енді өз үйіне бет алса да, артына жалтақ-жалтақ қараумен болды. Ондағы ойы Айару үйінен тағы шығып қалар ма? деген алдамшы үміт еді. Ахметтің  қуанышында шек болмады. Өздігінен күлімдеп ішінен: «бүгінгі күн — арманым орындалған күн» деп қайталап, келесі кездесудің тезірек болуын Алладан сұраумен болды. Ахметтің ойын әкесінің:«Біздің үй мына жақта еді ғой, сен анау көшенің басында не қылып жүрсің?» деген салмақты үні бұзып жіберді. Ахмет әкесінің жүзіне жымия қарады. Ол іштей « Ақ жаңбыр, ақ жаңбыр, ақ жаңбыр» деп үш рет қайталай берді де, үйіне кіріп кетті… Ия, ақ жаңбыр… Ол қазір де тоқтаусыз жауып тұр…